Ел экономикасының күретамыры – ауыл шаруашылығы саласын өркендету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан ғалымдарды біріктірген іргелі мекеме – Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының дәл қазір бастан кешіп отырған ахуалы бәріңізге жақсы таныс. Сонда да саланы ғылымға негіздеудің пайдасын түсінер кезең туар, мемлекет тарапынан мамандар еңбегіне лайықты қолдау көрсетілер деген үмітімізді өшіргіміз келмейді.
Осындай етектен тартқан қиындықтарға қарамастан биылғы егін жұмыстарына дайындық бір сәт те тоқтаған жоқ және науқан өз уақытында қарқынды бастау алуда. Алла жазса институт ғалымдарының межелеген жоспары іске асып, қордаланған қарыздан құтылып, бір сілкініп қалуға мұрсат береді деген сеніміміз бар.
Биылғы науқанға дайындық барысында өңірде ауыл шаруашылығымен айналысатын белді компаниялардың бірі – «Жан-Арай» шаруа қожалығымен бірлескен қызмет жөнінде келісімге қол қойылды. Алдағы даму бағытын бірге жоспарлау аясында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынының тозығы жеткен, қаржылай қиындықтан қосалқы бөлшектері табылмай неше жыл қаңтарылып тұрған техникалары шаруа қожалығы есебінен жөнделіп, іске қосылды.
Егістік жерді бабында ұстау үшін каналдар ұдайы тазалануы керектігі белгілі. Соңғы жылдары қолдың қысқалығынан бұл жұмысқа да мойын бұра алмай келгеніміз рас. «Жан Арай» ШҚ жәрдемімен биыл сырттан келетін және ішкі каналдардың арнасы тазалануда.
Мұндай қолдау әрине ғалымдарды қанаттандыра түседі. Күні бүгінге дейін 100 га жерге жаңа жоңышқа, 20 га жерге үстеме себіліп, ғылыми бөлімдердің барлық дақылдары делянкаларға орналастырылды. Одан бөлек, жөнделген техникаларды пайдалана отырып жерді қаралау жұмыстары соңғы үлгідегі лазерлік тегістеу әдісімен жүргізілуде. Басты мақсат Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының өндірістік алқаптарының өңделген жеріне институт ғалымдары шығарған Сыр сұлуы, Айсара сорттарының көбейту питомнигі мен супер элиталық бастапқы материалдары, нарықтағы сұранысқа ие басқа да сорттарды сауықтандыра егіп, облыс шаруашылықтарын мүмкіндігінше қамтамасыз ету.
Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер саладағы жаңалықты игілікті іске жалғастырып келе жатқан іргелі компанияның бірлескен бастамасы арқасында болашақта талай белесті бағындырарымызға сенімдіміз.

БӨЛІСУ