Сыбайлас жемқорлық – қоғам мен мемлекетті іштей ыдырататын әлеуметтік құбылыс. Жемқорлықпен күрес елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Қоғамға зор қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Десек те, жемқорлық мәселесінің маңызы жыл өткен сайын артпаса, кеміген емес.
Осы ретте Достық үйінің мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлыққа -жол жоқ!» тақырыбында кездесу өтті. Оған Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ қызметкерлері, этнос жастары қатысты.
Кездесуді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының бас маманы Жанар Қозбағарова жүргізді. Ол өз баяндамасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, болдырмау жолдары, оны жою, адал ортаны қалыптастыру, жалпы сыбайлас жемқорлықты тосқауыл қоюдың негізгі бағыттары туралы айтып өтті.
Кездесу соңында «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов «Мемлекетіміздің жемқорлықсыз қоғам құру бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табуда. «Арамнан алған – түйеден, адалдан алған – түйме артық» демекші, қоғамға жат, өркениетті құлдырататын бұл жемқорлықпен бірігіп күресу қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күресті әрбір адам өзінен бастауы тиіс. Әр адам өз жұмысына, айналасына әділ қарап, таза жұмыс істегенде ғана осы кеселді толық жеңе аламыз. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дертті тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа қарсы тұруға болады», – дей келе, лектор мен қатысушыларға алғысын білдірді.

 

БӨЛІСУ