Корей халқының батыры, жауынгер – интернационалист, Хон Бом Доға арналған кітап жарық көрді. Бұл кітапта батырдың өмірбаяны толықтай жазылған. «Біздің халқымыздың генералы Хон Бом До» атауымен шыққан құнды дүниенің авторы Корея Йоннам университетінің докторы, құрметті профессор Ли Донсун.
Бүгін Достық үйінде қонақта болған Кореяның халықаралық білім беру бағдарламаларының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ким Фил Янг аталмыш кітапты Қызылорда облыстық Корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Елена Кимге табыстады.
Мәртебелі меймандардың бұл сыйлығына үлкен ризашылығын білдірген бірлестік жетекшісі Корей халқының қаһарманы туралы кітап Хон Бом До атындағы музейдің төрінде тұратын болады деді. Сондай-ақ, екі ел арасындағы тарихи, салт-дәстүр, мәдениет және тілдік ұқсастықтарға ерекше тоқталып өтті. Тіл жанашыры, «Абай қазынасына саяхат» және «Мәміле» клубының жетекшісі Елена Пак туралы, оның қазақ тілі арқылы жеткен биік жетістіктерін алға тартты. Тарихқа, ел батырларына құрмет көрсеткен Корей елінен келген делегация мүшелеріне алғысын жаудырды.
Кездесу аясында Қызылорда ашық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов екі ел арасындағы білім саласы бағытында жеткен көптеген жетістіктерге, алдағы бірлескен жобаларға тоқталды. Әсіресе профессор Ким Фил Янгтың қазақ тілі мен корей тілдік құрылымдылық жүйелерін сaлыстырa отырып зерттеу жүргізіп жүргендігін атап өтті. Сонымен бірге, өзі басқарып отырған оқу ордасында корей тілінің оқытатын бөлім ашылатындығын назарға салды.

 

БӨЛІСУ