Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Ең алдымен аудан басшысы 5 квартал аймағындағы 210 гектар жердегі инфрақұрылым жобаларымен танысты. Аталған учаскедегі қалып қойған тұрғын үйлерді төмен қысымды газ желілерімен және электр желісімен жабдықтау жұмыстары осы жылы аяқталмақ. Жоба бойынша 137 тұрғын үй электр желісімен, 450-ге жуық тұрғын үй газ желілерімен қамтылады. Қазіргі таңда бұл жұмыстармен «Ремстрой» ЖШС айналысуда.

Одан соң аудан басшысы Достық көшесінде салынып жатқан 250 орындық мектептің құрылысымен де танысты. Мектеп ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Мұхтар Әуесұлы мердігерлерге сапаны басты назарға алып, құрылысты тиянақты аяқтауды жүктеді.

Күнделікті тіршіліктің тынымсыз қозғалысы үшін жолдың маңызы зор. Биыл аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі 35 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы 5 квартал аймағындағы қиыршық тас төселетін көшелер мен Т.Әубәкіров көшесіндегі асфальт қабатын төсеу жұмыстарын бақылады.
Т.Әубәкіров көшесін орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 32,4 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда «Нұрас и К» ЖШС негізгі қабатын тегістеу жұмыстарын жүргізуде.
Аудан басшысы жол жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлермен кездесу барысында жұмыстың сапалы атқарылуын қатаң назарға алуды тапсырды.

БӨЛІСУ