Бүгінгі таңда интернет алаяқтарының құрығы ұзын болып тұр. Бұл мәселе тек біздің елімізде ғана емес, әлемдік мәселеге айналды. Осыған орай, облыс көлемінде интернет алаяқтыққа қарсы түрлі іс-шаралар жүргізіліп жатқанын Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОПД Криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Рустам Сайділдинов мәлімдеді.
– Жыл басынан бері алаяқтық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 64 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, бүгінде халықтың интернет алаяқтарға алданып қалмауы үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ІІМ-нің өңірлік департаменттерімен бірлесіп «Финграмота» атауымен ресми сайт әзірленіп, көпшілік назарына ұсынылуда. Сонымен қатар, күнделікті интернет-алаяқтық қылмыстарын болдырмау мақсатында түсіндірмелік мақалалар мен профилактикалық бейнероликтер әлеуметтік желілерге үнемі жариялануда. Осы орайда, облыс тұрғындарын жеке куәлік деректерін, төлем карталарының мәліметтерін мұқият пайдалануға шақырамыз,-деді Рустам Тұрарұлы.