Аймақта 680 мыңнан астам адам МӘМС жүйесіне тіркелген. Бұл жалпы өңір халқының 84 пайызын құрайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.
-Жүйе іске қосылғаннан бастап облыс тұрғындары қорға 47,8 млрд. теңге аударған. Оның 29,8 млрд. теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 18 млрд. теңгесі жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Сондай-ақ, жыл сайын медициналық сақтандыру қаражаты есебінен халыққа кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология және хирургия бейіндері бойынша көптеген қымбат оталар жүргізіледі. Бұған қоса, МӘМС жүйесінде көрсетілген қызметтердің ішінде оңалту басым бағыттардың бірі болып табылады. Жыл сайын оңалту қызметтерін алу мүмкіндігі жақсарып,медициналық құрылғылардың да, емдеу әдістерінің де саны артып келеді.Оңалту қызметтерін көрсету үшін өткен жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы 32 медициналық ұйыммен шарт жасасты,-деді Бақыт Торғайбайұлы.

Өз сөзінде Қор міндеттердің бірі – пациенттердің құқықтарын қорғау екенін тілге тиек етті. Сондықтан халық медициналық көмек алу кезінде құқықтары бұзылған жағдайда Қорға жүгінеді және келіп түскен арыз-шағымдар ерекше бақылауда болады.

Айта кетейік, өткен жылы Қорға облыс тұрғындарынан 1 092 өтініш қабылданып, өңделген.

БӨЛІСУ