Бүгіннен бастап аймағымыздың мектептерінде бастауыш сынып оқушыларының барлығына тегін ыстық тамақ берілуде.

Осыған дейін бір мезгіл тегін ыстық тамақ тек әлеуметтік жағдайына қарай берілген болса, енді мемлекеттік мектептердің 1-4 сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылды. Бұл мүмкіндік облыстағы мемлекеттік білім беру ордаларындағы – 70 863 бастауыш сынып оқушыларына беріліп отыр. Сонымен қатар әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасында тәрбиеленетін 5-11 сыныптағы 17 382 оқушы да тегін тамақтанады.

– Бүгінгі күні бір мезгіл тамақтану құны орташа есеппен 557 теңгені құрайды. Осыған сәйкес, 1-4 сыныпта білім білім алатын 70 863 оқушы, 5-11 сыныпта қолдауды қажет етеін 17 382 бала, барлығы 88 245 бала тегін тамақпен қамтылуда. Бұл мақсатта бөлінген қаржы 7,6 млрд теңгені құрап отыр, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет.

Мектептерде перспективалық маусымдық екі апталық мәзір жасалған. Ас мәзірін әзірлеу барысында оқушылардың мектепте болу ұзақтығы және балалардың жас ерекшеліктері ескерілген. Сондай-ақ, мектептерде қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен тамақтану сапасын мониторингілеу бойынша комиссиялар құрылған.

Айта кетейік, тамақтардың сапасы сала мамандарының күнделікті органолептикалық бақылауынан өткізіліп отырылады.

©Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

БӨЛІСУ