Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов Бұқарбай батыр ауылдық округі «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күріш алқабына алғашқы дән себу рәсіміне қатысып, қасиетті Жер-Анадан өздерінің ризық – несібесін терген диханшыларды көктемгі науқанның басталуымен құттықтады.

«Жалағаш ауданы – ауылшаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған жалағаштық диқандар былтырғы жылы үлкен сенімнен шықты. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауым ел ризығын молайту жолында аянып қалмады.
Ал, мұның бәрі, аудан еңбеккерлерінің ынтымақ, бірлігінің жемісі екенін айта кеткеніміз дұрыс.
Жалағаш ауданы бойынша 2024 жылы 36 565 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр»,-деді Ардақ Ибраимов.

Аудан бойынша 199 шаруашылық егінмен айналысса, оның ішінде күріш дақылын орналастыратын шаруашылықтар саны – 152. Орын алуы мүмкін су тапшылығын ескере отырып, күріш дақылының көлемі өткен жылдан 1300 гектар қысқартылып, тиісінше суды аз қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарына басымдық берілуде.

Көктемгі тіршілікте ауыл шаруашылығы техникалары шешуші рөл атқаратыны белгілі.
Осы ретте ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту мақсатында биылғы жылы 316 млн. теңгеге 6 дана техника сатып алынды.
Сонымен қатар, суды үнемді пайдалану үшін тамшылатып суару әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық берілуде. Аудан шаруашылықтары жыл сайын егін орналастыру кезеңінде 20 мың гектар жерді лазерлік жер тегістегішпен тегістеп отырады. Бұл жұмыстар да өз кезегінде, су үнемдеуде өз нәтижесін беруде.

«Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылда жоғары өнім алып алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Шаруашылықтың диқандары былтырғы жылы 1202 гектарға күріш егіп, әр гектарынан 56,4 центнерден өнім алса, биылғы жылы 1175 гектарға күріш егу жоспарланып отыр.
Оның үстіне бұл серіктестік тек күріш егіп қана қоймай, мақсары, жаңа жоңышқа, ескі жоңышқа да өндіріп келеді. Атап айтқанда, 76 гектар мақсары, 228 гектар жаңа жоңышқа орналастырып, 543 гектар ескі жоңышқа дақылын күтімге алған.

Қазіргі таңда, серіктестікте 135 адам жұмыс жасаса, қырман іске қосылғанда 180 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Дән себу рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев және Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденінің иегері, Таң «ЛТД» ЖШС-нің төрағасы Имамзада Шағыртаев еңбеккерлерге сәттілік тіледі.

БӨЛІСУ