«Ассамблея жастары» РҚБ Қызылорда облысы өкілдігінің белсенді мүшелері «Өз еліңді таны!» тарихи-танымдық экспедициясы аясында Түркістан облысына келді.

Экскурсия барысында жастар Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында болып, құнды жәдігерлермен танысты.

Бұдан соң көршілес қос өңірдің Ассамблея жастары еркін форматта дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырды. Өзара тәжірибе алмасып, алдағы жоспарларын айтып өтті. Жиынды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов ашып, жүргізіп отырды.

Өз сөзінде Ерназар Көпжасарұлы жастарға «Қоғамдық келісім» КММ атқарып жатқан жұмыстар мен этносаралық келісімді нығайту бағытындағы жоспар-жобаларға тоқталды.

Сондай-ақ жиында «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облысы өкілдігінің төрағасы Амантай Абылай өңірде Ассамблея жастарының атсалысуымен қолға алынған жобалар мен атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Осы орайда, Қызылорда облысы «Қоғамдық келісім» КММ этномәдени бірлестіктермен жұмыс жасау және қоғамдық шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Мұхтар Ибраев, «Ассамблея жастары» РҚБ Қызылорда облысы өкілдігінің жетекшісі Пак Елена Қызылорда өңірінің Ассамблея жастарының алдағы жоспарларымен және атқарып жатқан мәдени шараларымен таныстырды.

«Өз еліңді таны» тарихи-танымдық экспедициясының мақсаты – Түркістан және Қызылорда облысындағы тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау арқылы Сауран, Сығанақ сияқты орта ғасырлық қалалар, сондай-ақ Қожа Ахмет Яссауи археологиялық кесенелер тарихымен танысу. Қазақстан халқының рухани құндылықтарын насихаттау мен оқып-үйрену негізінде қазақстандықтардың бірегейлігін, ұлттық бірлігін нығайту. Алдағы уақытта өңір жастарына басқа да киелі жерлерді көрсетіп, сол арқылы бүкіл туған өлкенің тарихы мен мол құндылықтары туралы білімдерін арттыру, отансүйгіштік қасиеттерді күшейту болып табылады», – деді «Ассамблея жастары» РҚБ Қызылорда облысы өкілдігінің жетекшісі Пак Елена.

Жиын соңында Қызылорда жастары ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта жаңа жобалар мен тың идеяларды бірлесе жүзеге асыруды ұсынды.

БӨЛІСУ