Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев көрнекті қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын, Әлеуметтік қамсыздандыру ісінің үздігі Бәкір Өтеповті еске алуға арналған дзюдодан облыстық турнирдің ашылу салтанатына қатысты. Жарыстың ашылуында аудан басшысы дара тұлғаның өмірі өнеге екенін атап өтті.

— Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерінің және «Ерлігі үшін» медалінің иегері Бәкір Өтепов – сұрапыл соғысқа қатысып, бейбіт өмір үшін күрескен майдангер және Сырдария ауданының дамуына өзінің қажымас қызметі арқылы айрықша үлес қосқан қоғам қайраткері. Баспасөз саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға. Ол 1942-1944 жылдары майдан даласында ерлік көрсетіп, Жеңісті жақындатуға атсалысқан. Ал бейбіт өмірде «Қызылдихан» колхозында агроном, аудандық партия комитетінде мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарған. Аудандық газетте бас редактордың орынбасары, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы ретінде де халыққа қызмет жасаған. Биыл Бәкір Өтепіовтың туылғанына 100 жыл толып отыр. Елге еңбегі сіңген азаматтың халқына жасаған игі істері ел жадында сақтаулы. Ардақты әкенің ісін бүгінде ұрпақтары лайықты жалғастыруда. Қайраткер тұлғаның өмірі мен қызметін насихаттау мақсатында ұрпақтары мәдени-спорттық іс-шараларды ұйымдастыруда. Бүгінгі жасөспірімдер арасындағы дзюдодан облыстық турнир – осының айғағы, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Спорттық іс-шарада ұрпақтары атынан Аманбек Бәкірұлы сөз сөйлеп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ұлы Отан соғысының ардагері Б.Өтеповты еске алуға арналған 2011-2012 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы дзюдодан облыстық турнирге аймақ бойынша 8 команда, 150-ге жуық жас спортшылар қатысуда.

БӨЛІСУ