Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шарада аудан басшысы қаламгерлерді мерекемен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазір еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды халыққа жеткізу жолында күш біріктіруде» деп атап көрсетті. Журналист болу үшін кәсіби біліктілікпен қатар, батылдық пен табандылық керек. Өзгенің мәселесіне жанашырлық танытып, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын және ұлттық деңгейде ойлай білетін журналисті бүкіл халық құрметтейді. Сыр қаламгерлері сәт сайын ақпарат таратумен қатар, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын алтын көпір қызметін атқаруда. Сіздердің бұл саладағы атқарып жүрген қажырлы еңбектеріңізді жақсы білеміз және бағалаймыз.
Бүгінгі кәсіби мерекеде аудан айнасы саналатын «Тіршілік тынысы» газеті ұжымын 85 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге белгілі, жергілікті газет тарихы 1939 жылдан басталып, бүгінге дейін аудан тұрғындарын сапалы ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді. Тарих еншісінде қалған 85 жылдық белесте аудандық газетте көптеген қарымды қаламгерлер жемісті жұмыс істеген. Бүгінде олардың ізін бас редактор, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы бастаған газеттің бүгінгі ұжымы лайықты жалғастырып келеді. Жазушы Шерхан Мұртаза «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» дейді. Сондықтан ел үшін атқарып жатқан қызметтеріңізге шығармашылық табыс тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Құттықтаудан соң аудан әкімі ардагер журналистер мен аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің қызметкерлерін «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Шаһарбек Нұрсейітов, Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданып, арнайы төсбелгімен Марат Омаров, Бақтияр Мырзаш, Аружан Мұханбетқали, «Сыр медиа үздігі» номинациясымен Бағдаулет Иманғалиев, «Қорқыт Ата» атындағы Қызылода университетінің Басқарма Төрағасы-Ректорының «Алғыс хатымен» Алтынай Жүнісова марапатталды.

Мерекелік іс-шарада Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің құрметіне концерттік бағдарлама ұсынылды.

БӨЛІСУ