Сырдария ауданында жеке кәсібін ашып, жұмысын дөңгелетіп отырғандар қатары көбейіп келеді. Солардың қатарында С.Сейфуллин ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Сәкен Бақытжанұлы 2024 жылдың басында жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында “Іскер” бағдарламасының “Өңірлік инвестициялық орталығы” микроқаржы ұйымы арқылы төмен пайызбен несие алды. Сәкен жастайынан төрт түлік малды өсіріп, бабын жасауды біледі. Өйткені, мал бағудың шебері болғандықтан кәсіпкер өз кәсібін ашуға бел буады. Яғни, алдына жылқы малын көбейтуді мақсат етіп қояды. Бүгінгі таңда мал басын көбейтіп, асылдандыру бағытында жұмыс жасауда. Кәсібін бастамас бұрын үй маңына ыңғайлы қора-жай салыпты. Кәсібін енді бастап отырған Сәкен Бақытжанұлының алдағы жоспары да ауқымды. Оларды бағып, көбейтумен қатар, алдағы уақытта тіл үйірер қымыз өндіріп, тұтынушыларға ұсынуды көздеуде.

Ағымдағы жылдың 1 наурызында ауданда 39963 бас мүйізді ірі қара,   31370 бас уақ мал, 23525 бас жылқы, 1584 бас түйе, 1561 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда МІҚ 100,2%,  жылқы 102,4%, уақ мал 100,6%,  құс 124,2% артып, түйе 96,6%орындалды.

2024 жылдың 1 наурызында барлығы  805,4 тн (тірілей салмақта) ет,  841,4 тн сүт, 14,3 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда ет 102,2 пайызға, сүт 100,2 пайызға, жұмыртқа 101,8 пайызға артты.

Қазіргі таңда ауданда 128 шаруашылық құрылымдары мал шаруашылығымен айналысып келеді. Оның ішінде 11 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. Асыл тұқымды 1000 бас мүйізді ірі қара, 4749 бас қой малы бар.

БӨЛІСУ