Бүгін достық үйінде «WorldSkills – 2024» облыстық іріктеу байқауының жеңімпаздарын құттықтау рәсімі болып өтті.

«World skills» – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жобасының мақсаты жұмысшы мамандығын дәріптеу, жұмысшы мамандығының танымдылығын және қоғамдағы беделін арттыру, өндіріс орындарындағы жас мамандардың, мектеп оқушыларының, студенттердің, ата-аналардың, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру болып табылады.

WorldSkills кәсіби шеберлік байқауы әлемнің 80 мемлекетінде өткізіледі. Қазақстан мемлекеті жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, насихаттайтын халықаралық чемпионат «WorldSkills» жобасына қатысушы ел ретінде тіркеліп, 2015 жылдан бастау алған чепионатқа жылма жыл қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Аталған әлемдік чемпионатқа қатысушыларды анықтау үшін 30 құзыреттілік бойынша қараша айында республикалық іріктеу байқауы өткізіледі. Соның нәтижесінде жеңімпаздар биыл қараша айына жоспарланған «WorldSkills Kazakhstan 2024» Ұлттық чемпионатына қатысады. Аталған кәсіби шеберлік байқауына биылғы жылы облысымыз 23 құзыреттілік бойынша қатысатын болады.

Осыған орай, біздің өңірімізден республикалық байқауға қатысушыларды анықтау мақсатында 2024 жылдың 22-30 сәуір күндері аралығында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында 15 құзыреттілік бойынша облыстық іріктеу кезеңі өткізілді.

Қалған 8 құзыреттілік бойынша колледжішілік іріктеу байқауының жеңімпаздары республикалық кезеңге тікелей қатысады.

Қатысушыларға облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Қали Бектұр Асанханұлы сөз сөйлеп, халықаралық чемпионаттардағы балалардың жетістіктерін атап өтіп, қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмауға және облысты ұлттық чемпионатта лайықты көрсетуге тілек білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады.

БӨЛІСУ