Оқу орнымызда білім алушылардың қатысуымен «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат» жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Тасбергенова Гаухар Қошқарбекқызымен кездесу өтті. Аталған шараға Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, Облыстық жастар денсаулық орталығының мамандары Айман Құлмұратова, Раушан Джумадилдаева, Айгерім Идирисова және оқу орны басшысы Жақсыгүл Тоғанова, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Гүлдана Исаева мен білім алушылар қатысты.

Жиын барысында Ұлттық комиссия мүшесі Гаухар Қошқарбекқызы оқу орнының материалдық-техникалық базасын аралап, «Инклюзиялық білім беру және логопедия» кабинеті жұмысымен танысты. Сондай-ақ білім алушылармен жүздесіп, республика көлеміндегі жастар арасында кездесетін мәселелер жөнінде айтты. Шара қонағы жасөспірімдер арасындағы уақытша қызығушылықтардан туындайтын зиянды әрекеттерден аулақ болу, психикалық әлсіздік әсерінен туындайтын келеңсіз жайттардың алдын-алу, ерте жүктілік және жасөспірімдер арасындағы суицид жөнінде бірқатар ақпаратпен бөлісіп, студент жастар тарапынан туындаған ұсыныстарды тыңдады. Сонымен қатар кездесуге қатысқан сала мамандары білім алушылардың сұрағына жауап беріп, қандай да бір мәселе туындаған уақытта хабарласуға болатын сенім телефоны қызметі жайында айтты.

БӨЛІСУ