Сыр еліне «Самрұқ Қазына» АҚ басшылығы келді. Мұндағы мақсат өңірдегі Шалқия кен орнының құрылысымен танысу. Облыстағы «Шалқия» кен орны – облысымыздың экономикалық әлеуетіне тікелей әсер ететін және мырыш қоры бойынша әлемдегі ірі кен орындарының біріне саналатын ауқымы кең кеніш.Өндірісі өркендегін кеніш ұзақ уақыттан бері жұмысы тұралап, өнім шығару көлемі айтарлықтай азайған еді.

Соның салдарынан өңіріміздің тау-кен және металлургия өнеркәсібінің даму бағыты да бәсендеді. Алайда, кен орнының жұмысын қайта жандандыру мақсатында 2022 жылдың сәуір айында құрылысы басталған болатын.

Биыл да облыс әкімінің бастамасымен, Үкімет басшысының қолдауымен «Шалқия» кен орнын қайта жаңғырту мақсатында тиісті шаралар қабылданып, бірқатар жұмыстар қолға алынды. Осы қолдаудың арқасында кеніштің бойына қан жүгіріп, өнім көлемін ұлғайту қарастырылуда. Қазіргі таңда кен орнының құрылысы екі кезең арқылы қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстарына «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның жергілікті 270 қызметкері тартылды.

«Шалқия» кен орны іске қосылса ағымдағы жылда өнім көлемі 2 млн тонна, ал келесі жылы 6 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Осылайша, қосымша тұрақты жұмыс орындарын ашуға, сырттан инвестиция тартуға үлкен мүмкіндік болмақ.

Дүниежүзіндегі ең ірі бес кеніштің қатарына енетін «Шалқия» кен орны 2026 жылы толық іске қосылады деп жоспарлануда.

«Самрұқ Қазына» АҚ өкілдері келесі барған нысан – өңірдегі “Байкен-U” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Табиғи уран өндірумен айналысатын өнеркәсіп саласындағы іргелі өндіріс орны. Мұнда пайдалы қазбалардың қоры болғандықтан жерасты сілтісіздендіру әдісі бойынша уранды алу үшін геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда өндіріс орнында жылына 2030 тонна өнім өндіріледі. Сондай-ақ, 400-ден аса жұмыс орны қарастырылған.

БӨЛІСУ