Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде СеулТех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінің ашылу рәсіміне қатысты.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, СеулТех университетінің профессоры Джесу Ким, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенұлы салтанатты іс-шараның құрметті қонағы болды.
Аймақ басшысы жерлестерін ғылым мен жоғары технологиялар саласында көшбасшы саналатын Оңтүстік Корея елі тәжірибесінің Қызылорда облысына енгізілуімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін толыққанды пайдаланғанда ғана білім экономикасына қарай сапалы серпіліс жасай аламыз, елімізде кем дегенде 3 жоғары оқу орны осы саламен айналысуы керек» деген тапсырмасы жоспарымызды жүзеге асыруға мықты негіз болды. Мамыр айында Корея Республикасына жасаған іссапарымда Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің президентімен арнайы кездесіп, әріптестікке қатысты мәселелерді талқыладық. Сол жүргізілген келіссөздердің алғашқы нәтижесі – бүгінгі жоғары мектептің ашылуы. Қорқыт Ата университеті базасында жасанды интеллект мектебінің құрылуы – тек Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің білім кеңістігіндегі үлкен жетістік. Аймағымыз экономика, ауылшаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп ғана қоймай, білім, ғылым, IT-технологиялар, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар саласында да жұмысты күшейте бермек. Жасанды интеллект бағытында маман даярлау Сыр өңірінен бастау алғаны бізді ерекше қуантады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті кванттық жасанды интеллект қауіпсіздігі әлемдік орталығының директоры, профессор Джесу Ким қызылордалықтарды құттықтап, Сыр өңірінің озық технологиялар мекені атануына тілектестік білдірді.

Ашылу рәсімінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенұлы «Парасат» орденімен наградталды.

Қызылордада СеулТех университетінің филиалы ашылғанда жыл сайын білім алушыларға арнайы грант бөлініп, студенттер IT-технология, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар бойынша білім алады.

БӨЛІСУ