«Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және «Салауатты өмір салтын насихаттау және жастар шығармашылығын дамыту» әлеуметтік қызметі жобасы аясында «Қызылода облысының жастар одақтары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандағы жұмыссыз, волонтер, белсенді және өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жас мемлекеттік қызметкер жастардың қатысуымен Қаратау етегіндегі тарихи орын, біздің заманымызға дейінгі ІІ мың жылдық тарихы бар Сауысқандық шатқалындағы жартастардағы бейнелер, петроглифтерге танымдық экскурсия жасалды.

Экскурсия барысында Нартай Бекежанов атындағы мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы Нақыпов Нұрдәулет Досболұлы жастарға Қаратау жартастарындағы сызбалар сан түрлі тәсілдермен қашалған бейнелер турасында баяндады. Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жол-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінді.

Қаратау петроглифтерінің мерзімдік ерекшеліктері ежелгі қола дәуірінен бастап ортағасырлық қазіргі этнографиялық кезеңдерге дейін созылып жатқандығы таныстырылып, ақпарат ретінде айтылды.

Еңбекші ауылынан 50-60 шақырым солтүстік-шығысқа қарай жоталарды жағалай Сауысқандық өзенінің оң жағында, Сүлеймен жайлауының іргесіндегі Үлкен шоқы, Кіші шоқы аталатын тау жоталарының жартастарындағы суреттер қола дәуірінен қалған құнды дүниелер. Жартастағы суреттер сол дәуірдің әдет-ғұрпындағы наным-сенімдерінен көрініс береді. Аң терісін жабылған абыздар мен ғұрыптық элементтер көрініс тапқан тау-тастары ЮНЕСКО-ның ескерткіштер тізіміне ұсынуға құжаттары әзірленуде. Сауысқандық шатқалы бала Сауысқандық және Үлкен Сауысқандық болып бөлініп 5 таулы аймақты құрайды. Мұнда тауешкі, арқар, қасқыр түйе, жылқы сияқты жануарлар сюжеттік көрініс тапса, таулар мен қару асынған адамдар ерекше бейнеленген. 2004 жылы Тұран экспедициясының барлау жұмыстарында табылған Сауысқандықтағы суреттер ежелгі дәуірден дерек беретін құнды мәдениетіміздің жалғасы. 9 шақырымға созылатын жартастағы суреттер экспедиция қоржының толтыратын мол ақпараттар берді.

БӨЛІСУ