Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Құмжиек ауылдық округіне арнайы барып, Қ.Күлетов атындағы №92 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

Қазіргі күні білім ошағының шатыры ауысу үстінде. Одан бөлек мұнда сырты қапталып, электр желілері жаңартылып, одан өзге де бірқатар жұмыстар жүретін болады.

Құрылыстың қарқынын жеделдетуді айтқан аудан басшысы, сапасына мән беруді айтты. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевқа жұмыстың күндіз-түні қатаң бақылауда болуын тапсырды. Оның үстіне техникалық қадағалаушылар үнемі жұмыстың басында болуы қажет екенін жеткізді.

Мұнан соң аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі салынып жатқан 250 орындық мектеп құрылысына барды.
Достық көшесінің бойында бұрынғы №170 мектептің орнынан бой көтеріп жатқан білім ордасының құрылысын «SCS Инжиниринг» ЖШС құрылысшылары жүргізуде.

Құрылыстың жай-күйіне қанық болған аудан басшысы жұмыстың қарқынын күшейтіп, мектептің берілу уақытынан кешігіп келе жатқанын ескертті.
Сонымен қатар жауапты мердігердің баяу жұмыс жасап жатқанын сынға алып, тиісті шараларды қолға алу қажеттігін жеткізді.

Айта кетейік, аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен бірге облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев, аудандық мәслихат депутаты Әділбек Сарабеков және тиісті бөлім қызметкерлері жүрді.

БӨЛІСУ