Әкелер күніне орай Абылай хан атындағы №140 орта мектебінде «Әке – бала қорғаны» атты лекторий өтті. Оған Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова және отбасы институтын дамытуға үлес қосып жүрген түрлі сала мамандары, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Қызылорда облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебі, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің бірлескен шарасының басты мақсаты – отбасындағы ата, әке, ер азаматтың рөлінін мәнін ұғындыру, әкені қадір тұту, сүйіспеншілік құндылықтарды қалыптастыру. Оқушыларға отбасының ұйытқысы, негізгі тірегі ата мен әке екенін дәріптеу. Әке мен бала арасындағы тығыз әрі ыстық байланысты игерту.
Шараның алғы сөзі Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмахановқа берілді.
-Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен еліміздегі мерекелік күндердің тізбесіне Әкелер күні енгізілді. Маусымның үшінші жексенбісі – Әкелер күні болып бекітілді. Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі. Отбасындағы ынтымақ пен бірлік болуы әке тәрбиесіне тікелей байланысты. Әкелер күні – олардың отбасындағы беделін көтеруге, құттықтауға және олардың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыруға себеп болады, – деді.
Танымдық шараға қатысушылар аға, орта, жас буын әкелерден кеңес алды. Лекторидің бірінші бөлімінде «Парасатты отбасы» жобасы аясында шеберлік сыныбы өтті. Екінші бөлімде «Ата-ана жұмысындағы бір күн» жобасы негізінде кәсіби тәжірибелік тұжырымдамасы көпшіліктің назарына ұсынылды. Ал үшінші бөлімде «Қамқор аға, қамқор әпке» жобасы таныстырылды.
Шара соңында Абылай хан атындағы №140 орта мектебінің директоры, Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Айгүл Мұсабаеваға қатысушылар алғысын білдіріп, отбасы институтын нығайту бағытында сүбелі үлестерін қосқан әкелер марапатталды.

БӨЛІСУ