Елордада 15–16 маусым аралығында «Балалар мен жастардың қабілеттері мен дарындылығын диагностикалау мен дамытудың өзекті мәселелері» атты І халықаралық психологтар форумы өтіп жатыр.

 Форум барысында қатысушылар пленарлық отырыстар, дөңгелек үстелдер және форсайт-сессиялар арқылы эксперименттік психологиялық зерттеулердің әдістемелерімен, перспективаларымен және нәтижелерімен алмасу мүмкіндігіне ие болды.

Пленарлы отырыста цифрлы дәуірге көшу жолындағы балалардың психологиялық әл-ауқатын қалыптастыру мәселесінің өзектілігі турасында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова баяндады.

 «Бізге пәндік білімді беруші ғана емес, шығармашыл міндеттерді шешетін, жасөспірімдер мен білім алушылардың әлеуметтік маңызды іс-әрекетінің жан-жақтылығын түсініп, оқу жұмысын ұйымдастыратын жаңа кәсіпқой-педагог қажет. Дәл осы жаңашыл мұғалім, яғни «өзгерістер агенті» іспеттес маманның алдында қазіргі әлемдік қоғамдастық алдында тұрған күрделі сын-қатерлер – балалар суициді, отбасындағы қолайсыздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жастардың бейресми көшбасшылары, әлеуметтік желілердің теріс әсері, лудомания, интернетке тәуелділік, кибербуллинг және басқа да көптеген құбылыс тұр.

Бүгінде бұл мәселелермен 7 мыңнан астам педагог-психолог, 4 мыңнан астам әлеуметтік педагог, 183 мыңнан астам сынып жетекші, 3 мыңнан астам тәлімгер және 25 мың мектеп әкімшілігінің мүшесі жұмыс істейді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Білім беру ұйымдарында 340 мыңнан астам педагог жұмыс істейді, олардың қызметі қазіргі баланың психологиясын білуге негізделуі керек. Баланың жас ерекшеліктері туралы қарапайым педагогикалық білім енді жеткіліксіз. Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр», – деді Насымжан Жамбекқызы.

БӨЛІСУ