Партияның облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысында «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаржының жұмсалуы, білім беру ұйымдарында сапалы білім алу үшін оқушыларға жасалатын қауіпсіз және қолайлы жағдайлар кеңінен талқыланды.

Жалпы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының мақсаты әлеуметтік және инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу арқылы ауыл тұрғындарының әлеуметтік, тұрмыстық әл ауқатын жақсарту.

Бағдарламаның бекітілген методикасына сәйкес өңірде 53 тірек, 50 спутниктік елді мекендер айқындалып, бағдарлама жүзеге асқалы 4 жыл ішінде облыста құны 18 млрд теңгеден асатын 225 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Жиында Қызылорда облыстық экономика және қаржы басқармасының ауыл шаруашылығы және ауыл- аймақтарды дамыту бөлім басшысы Бақытжан Қожабекұлы хабарлама жасап, бағдарлама аясында бөлінген қаржының игерілуі турасында ақпарат берді.

Бөлім басшысының айтуынша ағымдағы жылы 39 елді мекенде 158 жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 7 946 млн.тг, ал республикалық бюджеттен қосымша 58 жобаға 3668 млн теңге бөлініп, барлығы 11,6 млрд теңгенің 216 жоба жүзеге асуда. Бұл бөлінген қаржы аталмыш елді мекендердегі білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге, сонымен қатар жарықтандыру, газбен жабдықтау, көлік инфрақұрылымы, сумен жабдықтау, абаттандыру жұмыстарға бағытталған жобаларға жұмысалуда.

Жиында партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы облыстағы ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігін тілге тиек еттіп, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын жеткізді.

Бүгінде өңірде демографиялық және миграциялық өсімдерге сәйкес бала саны жыл сайын артуда. «AMANAT» партиясы жас ұрпақтың сапалы білім алуын өзінің 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына арнайы енгізіп отыр. Басты міндет – білім беру ұйымдарында оқушылар үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасау. Күн тәртібінде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Қызылорда облыстық білім басқармасының тәрбие жұмыстары жөніндегі бөлім басшысы Бектұр Қали хабарлама жасады.

Жалпы бүгінгі күні облыста 5 апатты және үш ауысымда жұмыс жасайтын 6 мектеп бар. Аталған мәселелерді бірінші кезекте шешу үшін нақты жұмыстар қолға алынып отыр. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде салынатын мектептер мен демеуші және «Білім беру инфрақұрылымын қолдану қоры» есебінен 2025 жылға дейін апаттық мектептердің мәселесі түбегейлі және үш ауысымда білім беру мәселесі биыл жыл соңына дейін толық шешімін таппақ.

БӨЛІСУ