Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кеңес отырысы өтті.

«Білім беру ұйымдарында балаларға психологиялық қолдау көрсету, суицидтің алдын алу, зорлық-зомбылықты анықтау қызметін дамыту мен «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өмірлік қиын жағдайға қалған отбасыларға көмек көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кеңес отырысында талқыланды.

«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында өмірлік қиын жағдайға қалған отбасыларға көмек көрсету бойынша жыл басында «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылған. Бұл мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылған. Бүгінгі күнге онда Қызылорда облысының 846 мыңнан астам азаматы немесе 214 мың отбасы туралы ақпарат жинақталған.

«Отбасының цифрлық картасын енгізудің негізгі мақсаты азаматтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, цифрлық карта азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да түрін алуға құқықтары туралы күнделікті «электрондық хабарлама» болып табылады»,-дейді атқарылған жұмыстар туралы есеп берген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Мырзабек.

Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар азаматтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін рәсімдеуге мүмкіндік береді. Олар, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда, 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты, жұмысынан айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылу бойынша, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата анасына жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көп балалы отбасыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.

Жүйеде көмекке мұқтаж отбасыларға дер кезінде көмек көрсету және отбасының дамуына қолдау көрсету үшін тұрақты мониторинг жүргізіліп отырады. 2023 жылдың 5 айында бөлімдерге 6 мыңнан астам адамға түрлі бағыттағы қолдаулар көрсетілген. Атап айтқанда, 1 781 адамға құқықтық кеңестер беріліп, 691 адамға психологиялық көмек көрсетілген. 58 адамның жоғалған құжаттарын рәсімдеуге, 31 адамды емдеу мекемелеріне жатқызуға, 323 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жәрдем көрсетілген. Мұнан бөлек 1 809 адам гуманитарлық көмекпен қамтылған. 536 көп балалы ана тұрақты жұмысқа, 1 012 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылған. Өз кәсібін ашуға 217 көпбалалы, 36 мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар, 17 асыраушысынан айырылған отбасы және 54 мүгедектігі бар азаматтар қайтарымсыз грант алды,- дейді Сәкен Мырзабек.

2023 жылдың 5 айы бойынша кәмелетке толмағандар арасында Қазалы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласы бойынша 5 зорлық-зомбылық жағдайы тіркелген. Облыстық білім басқармасының мәжілісінде мәселе талқыланып, қорытындысымен 1 мектептің әкімшілігі қызметінен босатылды, 1 мектептің әкімшілігі мен жауапты қызметкерлеріне тәртіптік шара көрілді. 2 жағдай бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Осындай фактілердің алдын алу мен қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша білім беру ұйымдарының 387 әлеуметтік педагогі арнайы оқудан өткен. Олар осал топтағы балалардың тұрмыс сапасын және өмір сүруін жақсарту үшін кейс ашып, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Жалпы білім басқармасы тарапынан «Кәмелетке толмағандар арасында суицид, құқық бұзушылық, зорлық-зомбылық пен ерте жүктіліктің алдын алу бойынша 2023 жылға арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспары жасалып, соған сәйкес кәмелетке толмағандар арасында зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында арнайы кешенді тест жұмыстары жүргізілді,- дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова.

«Сәуір айында барлық білім беру ұйымдарында 5-11 сынып оқушылары мен 1-2 курс студенттер арасында кешенді тест алынып, нәтижесінде «Психологиялық қолдау» тобына алынған 2873 бала сұхбатқа шақырылды. Сұхбат жүргізу мақсаты зорлық-зомбылық белгілерін анықтау, мектеп, колледж әкімшілігін хабардар ету. Сұхбаттан кейін «тәукел» топқа 103, «Психологиялық қолдау» тобына 367-і алынды»,- дейді бөлім басшысы.
Өткен жылы өңірде кәмелетке толмағандар арасында 8 аяқталған суицид, 5 ұмтылыс жағдай тіркелген. Ағымдағы жылдың 5 ай қорытындысымен 1 аяқталған суицид және 1 ұмтылыс тіркелген.

Жиында жұмысты жетілдіру бағытында ұсыныстар ортаға салынып, хаттамаға енгізілді.

БӨЛІСУ