Үстіміздегі жылғы 13 маусым күні облыстық мәслихат депутаты Б. Шаменованың төрағалығымен VIII шақырылған облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырысқа облыстық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі Қызылорда облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №153 «2023-2025 жылдарға арналған бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қ.Мүбәраков хабарлама жасады.
Өз хабарламасында Қ.Мүбәраков 2023 жылға арналған облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен үнемделген және пайдаланылмаған қаржыны қысқартып, соның есебінен бюджетті бағдарлама әкімшілері бойынша бағыттап, нақтылауды ұсынды.
Хабарламадан соң, облыстық мәслихат депутаттары сұрақтарын қойып, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтар болсақ, депутат І. Тілеп Қазалы ауданы бойынша Қожабақы және Бекарыстан би ауылы, Тасарық елді мекеніндегі автомобиль жолын жөндеу және Абай елді мекеніне газдандыру жұмысын жүргізу, депутат С. Мұстафа Қызылорда қаласы бойынша бірқатар көшелердің жөндеу жұмыстары, «Дарын» спорттық мектебінің асханасының төбесі құлап, жарамсыз күйге түсіп, соған сәйкес кезек күттірмейтін мәселені тез арада шешу қажеттігін, депутат Ж. Нұрымбетов қала бойынша көп қабатты тұрғын-үйлерді жөндеуден өткізу, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды көбейту, сол жағалаудағы автобаза құрылысы, 17 қабатты және 25 қабатты тұрғын-үй алдына ойын алаңын салу, сондай-ақ, қала бойынша кейбір үйлердің тозығы жеткен кәріз жүйесі, су құбыры мен қоршауларын ауыстыру, газ желісін тарту сияқты инфрақұрылымды жұмыстарды жасауды, сондай-ақ, ауылдарда техника санын көбейту мәселесін көтерді.
Ал депутат М. Нәлібаев «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығының мүмкіндігін кеңінен пайдаланып, жаңа өңірлік бағдарламаны іске асыруды, депутат М. Ниязов жастарға рухани-эстетикалық тәрбие беру мақсатында «Сыр аналарына тағзым» алаңын салудагы мәселелер жөнінде, депутат Қ. Ерназаров Шиелі ауданы бойынша әлеуметтік нысандардың жай-күйін баяндап, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы қажеттігін, депутат А. Абибуллаева мемлекеттік мекемелердегі жылу қазандығы, бу қазандығын төтенше жағдайдың алдын-алу мақсатында ауыстыру, «Атамекен» балалар ауылына ойын алаңын салу, №264 мектептің қоршауын ауыстыру, депутат Ж. Ембергенов мектеп әжетханаларының мектеп ішіне салынуын бақылауды және Сырдария ауданында жаңадан ашылған мөлтек ауданға газбен жабдықтау жұмыстарына қаржы бөлінуі жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді. Депутат Амирбек Шаймагамбетов Қызылорда облысының географиялық жағдайын ескере отырып, басқа елмен 4 елді мекеннің 50км қашықтықта шекаралас жатқанына байланысты арнайы статус беріп, республикалық бюджеттен инфраструктура жүргізуге және әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуге қаржы бөлуге сұраныс білдіруге болатындын ұсынды.

Отырыс соңында тиісті басқарма басшылары депутаттардың тарапынан болған сауалдарға кезектен тыс 4 сессияда толыққанды жауаптар берілетіндігін айтты.
Күн тәртібіне ұсынылған 2 мәселе бойынша шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.

БӨЛІСУ