Ғылым қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күніне орай «Әлемді ғылым құтқарады» атты салтанатты шара өтті.

Жиында Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева ғылым саласындағы жетістіктерге тоқталып, ғалымдарды кәсіби мерекемен құттықтады.

«Қазіргі таңда университетте ғылым саласының дамуы – басты назарда. Осы ретте ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, өткен жылдан бастап жас ғалымдарға арналған ректор гранты тағайындалып, жастарды ізденіске жігерлендіретін үрдіс жалғасын табуда.
Сонымен қатар, 2020-2023 жылдар аралығында 50 шетелдік университет, білім беру орталығымен және халықаралық қорлармен ынтымақтастық туралы меморандум, келісімшарт жасалды. Жыл сайын халықаралық байланыс нығая түсуде. Университетте соңғы 3 жылда 45 шетелдік ғалым онлайн және офлайн форматта дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар өткізді», – деді Майнұр Әбілтайқызы.

Айта кетейік, 2022-2023 жылдары халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясында университеттің 6 қызметкері ғылыми тағылымдамадан өтті. «Қос диплом» бағдарламасы бойынша Корея Республикасының Кангнам университеті, РФ Томск ұлттық зерттеу политехникалық университеті, Қытай мұнай университеті, РФ Дубнин университетімен бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Алдағы уақытта оқу орны Корея Республикасының Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен біріккен халықаралық жобаны жүзеге асырмақ. Сондай-ақ, жаһандық трендтерге сәйкес биологиялық ғылымдар мен биотехнологиялар, IT және жасанды интеллект, аграрлық ғылымдар, жасыл технологиялар және энергия тиімділігі, мұнай-газ кешені саласындағы ғылыми зерттеулерге бағытталған ұжымдық технопарк салу жоспарланған.

Салтанатты жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Өзбекстан ұлттық зерттеу университетінің профессоры Көміл Астанакулов, оқу орнының профессор-оқытушылары мен білім алушылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Шарада бірқатар ғалым ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қызылорда облысы әкімінің Құттықтауы және Алғыс хатымен марапатталса, оқу орнының стратегиялық дамуына үлес қосқан қызметкерлерге Басқарма Төрағасы-ректордың арнайы марапаттары табысталды. Сонымен қатар, жиын барысында университет ғалымдары өз зерттеулері бойынша баяндама оқып, тың жаңалықтарымен бөлісті.

Айта кету керек, салтанатты шарада отандық ғалымдардың ғылыми еңбектері кітап көрмесіне қойылды.

БӨЛІСУ